Назар аударыңыз. Бұл материалды сайт қолданушысы жариялаған. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзса, осында жазыңыз. Біз ең жылдам уақытта материалды сайттан өшіреміз
Жақын арада сайт әкімшілігі сізбен хабарласады
Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
Рухани жаңғыру идеясын технология пәніне кіріктіре оқыту
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады
Рухани жаңғыру идеясын технология пәніне кіріктіре оқыту
Оқыту, білім беру, тәрбиелеу - баланың ішкі жан – дүниесінің біртіндеп дамуына әсер ететін, түрткі болатын, жағдай жасайтын, оларды іске асыратын сыртқы факторлар екені анық. Еліміздің ертеңі, ұлтымыздың болашағы – бүгінгі мектеп қабырғасында отырған бүлдіршіндер екені мәлім. Олардың қамын ойлау баршамыздың парызымыз. Кез-келген мектептің мақсаты мен мұраты өркениетті елдердің қатарынан көріну, жер мен жер байлықтарын ысырапқа салмай игере білетін ұрпақ тәрбиелеу. Ол үшін бүгінгі жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие бере отырып, елдің өткенін, ұлттың тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін, табиғат ерекшеліктерін етене таныстыру қажет. «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, келешекте оның өміріне опат әкеледі, адамға ең бірінші керегі тәрбие» - деп Әл-Фараби айтқандай, педагогика ғылымының зерттейтін негізгі мәселелерінің бірі - тәрбие.
Ұлт Көшбасшысы, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мәні аса зор еңбегінің жас ұрпаққа берер үлгі-өнегесі өлшеусіз. Ұлттық сананы жаңғырту жолында рухани сілкініс туғызған еңбектің тарихи тағылымы ұшан теңіз.
Мемлекет басшысы аталмыш жаңғырудың негізгі қызметі мен ерекшеліктеріне ой жүгіртіп, бұл жаңғырудың маңыздылығына тоқталады: «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды».
Рухани жаңғырудың бастау бұлағы «Мәдени мұра» (2004), «Халық – тарих толқынында» (2013) бағдарламалары аясында басталды. Елбасының биылғы жылы жасаған дәстүрлі Жолдауы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деп аталғаны мәлім. Елбасы араға аз ғана уақыт салып бұл жаңғырудың жөні тіпті бөлек екенін, нақтырақ айтқанда рухани жаңғыруға бет бұрған қоғамдағы «ұлттық сана туралы» ой төңірегіндегі ойын одан әрі өрбітті. Ұлттық сананы жаңғыртудың кезеңі келді деп білетін, дамыған, келешегі баянды мемлекет құруды мұрат еткен Елбасы бұл бағыттағы кемел ойларын бірнеше бағытта, дәлірек айтқанда бәсекеге қабілетілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы, сананың ашықтығы жайын жаңғыртумен жалғастырған. Аталған аманаттардың қай-қайсысы болса да ХХІ ғасырға азат, тәуелсіз ел ретінде қадам басқан қазақ елінің жұлдызын жарқыратып, әлемдік өркениет көшіне ұмтылған халықтар санатына қосуды мұрат тұтады.
Сан ғасырлар бойы отар елдің тепкісін, теперішін көріп өскен халықтың ұлттық санасы аз ғана уақыт ішінде жаңғырып кете алмайды. Алайда, азаттық аренасына жасындай жарқылдап шыққан ширек ғасыр ішінде рухани жаңғырудың жаңа белесіне өтетін кез келді. Ал енді рухани жаңғырудың бір биігі тарихи сананы жаңғыртумен ұштасқанда ғана өз нәтижесін береді. Сол себепті де кемеңгер Көшбасшымыз революциялық сілкіністерден көз ашпаған өткен ғасыр көшінің келбетіне былай деп баға береді: «ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды. Біріншіден, ұлттық дамудың ықылым заманнан жалғасып келе жатқан өзімізге ғана тән жолы біржола күйретіліп, қоғамдық құрылымның бізге жат үлгісі еріксіз таңылды. Екіншіден, ұлтымызға адам айтқысыз демографиялық соққы жасалды. Оның жарасы бір ғасырдан бері әлі жазылмай келеді. Үшіншіден, қазақтың тілі мен мәдениеті құрдымға кете жаздады. Төртіншіден, еліміздің көптеген өңірлері экологиялық апат аймақтарына айналды».
ХХ ғасырдағы ақтаңдақтар бояуы тым қалың. 1916 жылы басталған ұлт-азаттық көтерілісі қырғыны, азамат соғысы (1918-20) салған лаңдардың жалғасы дәулет жиғандардың малын тартып алып тәркілеумен, Ахаң, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов бастаған алаш қайраткерлерін қуғындаумен, соттаумен, 1931-1933 жылдардағы қазақ халқының тең жартысын қырғынға ұшыратқан, яғни қолдан жасалған аштықпен жалғасты. Одан әрі «халық жауларын» әшкерелеу арқылы ату, айдау, Ұлы Отан соғысы немесе Екінші дүниежүзілік соғысы салған қасірет, ақыр аяғы тың игеру саясатының қазақ жеріне әкелген орасан зор экологиялық апатына ұласты. Сонымен қатар аталған апаттармен ұдайы қат-қабат бірге болған, яғни Елбасы ерекше атап көрсетіп отырған қазақтың тілі мен мәдениетін құрдымға кетіретін рухани апаттардың өлшемін айтып жеткізу оңай емес.
Елбасының тарихи жадыны жаңғырту үшін айтылған осы ойларының әрбір түйіні кейінгі ұрпаққа сабақ боларлық даналық мектебі. Құлдық қасіреттің, бодандық қамыттың не екенін білмейтін жас ұрпақ өсіп келеді. Алайда бұл ұрпақ өткен тарих тағылымынан ғибрат алып, ғасырлар бойы күрестің жемісімен келген жеңісті баянды ету жолында болатын қиындықты жеңіп, мәңгілік ел болуды мақсат етіп отырғанда ғана халық арманы шын мәнінде жүзеге асады.
Елбасы ескертеді. «Біз тарихтың сабағын айқын түсінуіміз керек. Революциялар дәуірі әлі біткен жоқ. Тек оның формасы мен мазмұны түбегейлі өзгерді. Біздің кешегі тарихымыз бұлтартпас бір ақиқатқа – эволюциялық даму ғана ұлттың өркендеуіне мүмкіндік беретініне көзімізді жеткізді. Бұдан сабақ ала білмесек, тағы да тарихтың темір қақпанына түсеміз». Ұлт болып қалыптасуға қауіп төндіретін, дінді қара жамылып немесе қаба сақал қойып қорқытатын, енді бірде қантөгіс жасаудан шімірікпейтін сепаратистердің әрекеті тарихтың темір қақпанына оңай түсіреді. Өткен тарихтан тағылым алып, бүгінгі тарихқа сергек қарауға себеп пен салдар жеткілікті. Ұлт Көшбасшысының қадап айтып, қасіреттен сақтандыратын кемел ойларының бәрі ғибрат пен өнеге.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» «мың өліп, мың тірілген» халқымыздың өткен тарихынан тағылым ала отырып таяу жылдардағы міндеттерді де белгілеп берді. Қателік жасауға, көштен қалуға хақымыз жоқ. «Туған жерге ту тіккен» халқымыздың алдында Ұлы мақсаттар, биік асулар тұр. Тарих өлшемінің аз ғана уақытында өзгеріп, бүкіл әлем жұртшылығы алдында абыройы асқақтап келе жатқан халқымыздың ұлттық сана биігінде самғап, өркениет көшінің алғы сапында тұруға ұмтылатын кезі келді. Сан ғасырлар бойы тарих шаңына көміліп келген халқымыздың жұлдызы сәті азаттық арқылы келді. Болашаққа баратын бағытты рухани жаңғыртумен жалғастырып келе жатқан Көшбасшысы бар Қазақстан Мәңгілік ел.
Білген жанға тарихтың тағылымы мен үйретері шексіз мол қазына. Солардың ішіндегі ең бағалысы – әркімнің және баршаның азаттығы мен еркіндігін қастерлеу. Ғасырларға созылған отарлық-тоталитарлық зорлық біздің санамызға ақтаңдақ пен қайшылықтарды аяусыз орнықтырды. Одан арылуға көмекке ғылым жегілуі тиіс.
Рухани жаңғыруға серпін беретін көшелі ғылым – тарих ғылымы. Ұлы далада тарихи ілім мен сана сақ заманында-ақ жоғары бағаланғанын Геродот шығармалары куәлендіреді. Тарихқа тағзым кейінде де бір мысқал кеміген жоқ. Бабаларымыз тәрізді тарихтан ұрпақ сабақтастығын көрудеміз, оны өркениеттік, ұлттық, рухани кемелдіктің кепілі ретінде құрметтейміз. Тарихи ақиқат пен тарих ғылымдарының сөзі барынша сәйкес келуіне, арасынан қыл өтпейтін тұтастығына қол жеткенде рухани жаңғырудың тынысы ашылары сөзсіз. Сөз түзелмей оны тұтынушының санасы түзелмейді. Санасы түзелмеген жаннан саналы іс шықпайды.
Елбасының мақаласы ұлттық тарихты мәртебелі биікке көтерудің бұрын-соңды көп айтыла бермейтін екі тұғырын ерекше атап өткен. Олар – «Туған жер» бағдарламасы және «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы. Түптеп келгенде, тарих үдерісі көкте де емес, жердің астында да емес, жер бетінде жүреді ғой. Біздің антропологиямыз, шаруашылығымыз, өмір салтымыз, алыс-жақын елдермен қарым-қатынасымыз негізінен жеріміздің аумағымен, табиғи-географиялық факторлармен, асты-үстіндегі ресурстармен анықталғаны айдай анық ақиқат.
Әріде ғұлама әл-Фарабиді, беріде батыр С.Рахимовты төл тарихымызға әкеп қосқан көрсеткіш түркілік тегі де емес, әкесінің қазақ болғаны да емес.Ежелгі қазақ жерінде жарық дүниеге келгендіктен олар ұлттық тарихымыздың мақтанышына айналды. Ендеше туған жер мен киелі география жайлы ойтолғаныс қазақстандық тарихнаманың өркенді бағытына серпін беретінінен үміт зор.
Қай қоғамда болмасын, ғылымның ілгерілеуі мен іркілісі, нәтижелері мен жаңалықтары адам факторына тәуелді. Тарих ғылымында да солай. Нақты мысалдарға жүгінсек, кеңестік тоталитарлық қыспақта жүріп-ақ тарихшылардың бірнеше буыны, С. Асфендиаров, Т. Рысқұлов, Ә. Марғұлан, Е. Бекмаханов, О. Ысмағұлов сынды ғалымдар өлмес зерттеулерін жазған жоқ па! Әрине, мемлекеттің ғылымға қатысты саясаты көп мәселені анықтайтынын жоққа шығармаймыз. Әйтпесе, отарлық дәуірдегі Қазақстанда кәсіби тарихшы даярлайтын бірде-бір оқу орны болмағанын қайтіп түсінуге болады. Есесіне кеңестік жылдары ашылған тарих факультеттері мен кафедралары, ҒЗИ-лары қатаң партиялық, идеологиялық бақылаудан көз ашпады.
Тарихшылар үшін нағыз шығармашылық еркіндік тәуелсіздікпен келді. Зерттеуге тыйым салынған тақырыптар мен құжаттар тар қапастан жарыққа шықты, жаңа мамандықтар ашылды, шетелдік әріптестермен кәсіби байланыс ұлғайды. Республикамыздың барлық аумақтарында ғалым тарихшылар мектебі қалыптасты.
Қазақстандық тарих ғылымының бүгінгі адами капиталын 200-ге жуық ғылым докторлары мен 800-ден астам ғылым кандидаттары құрайды. Олар жүздеген кафедраларда, ондаған ҒЗИ-ларда шоғырланған. Араларында ҰҒА-ның 8 академигі, 4 мүше-корреспонденті бар. Тарихшы ғалымдардың негізгі дені тәуелсіздік тұсында ғылыми атақ-дәрежелерін алғанмен, үздік нәтижелерімен көзге түсіп жүргендері маман ретінде кеңестік дәуірде қалыптасқандар. Тәуелсіз Қазақстанда туып, тарихшы мамандығын иеленген жастар ғылымға енді келе бастады. Алдағы 8-10 жылдан кейін бұлардан жас Ақышев, Арғынбаев, Дахшлейгер, Дулатова, Нұрпейіс, Сүлейменов шыға бастаса, ұстаздарына айтар алғысымыз шексіз.
Азаттық интеллектуалды бұла күштің көзін ашты. Бұл үдерістің басы ғана. Ескінің мұрасы санамыздан толық кете қойған жоқ.
Рухани жаңғыру ұзақ уақытты
талап етеді. Мемлекетті басқару институтының формасын 2-3 ай ішінде
түбегейлі өзгертуге болады. Ең соңғы технологиялармен жабдықталған
кәсіпорынды бір жылда қатарға қосу қиын емес. Төрт жыл оқыған
бакалавр ағылшын тілін меңгеріп шығуда. Ал, сананы жаңғырту бір
ұрпақтың алмасуымен біте салатын іс санатына жатпайды. Оған
септесетін тарих ғылымы бір қадам болса да үдерістің алдында
жүргені дұрыс. Осы мақсатпен үзіліссіз жұмыс істеуге даяр адами
капитал бар, соны ұқсататын саясат пен билікке сұраныс күн санап
артуда.
Жалпыға бірдей тарихи сауаттылыққа қол жеткізу мен рухани жаңғыру –
ажырағысыз байланыстағы өзара ықпалдасты құндылықтар. Олар
қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға пәрменді әсер етуімен
ұлттық қауіпсіздігіміздің, бәсекеге қабілеттілігіміздің нығаюына
үлес қосады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Назарбаев Н. Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру//Егемен Қазақстан.2017. 12 сәуір.
2. Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. — Алматы, «Әдебиет әлемі», 2013. -500 бет.
3. «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты». Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы//Егемен Қазақстан. 2012. 15 желтоқсан.
4. Қазақстан ғылымы: талдамалық шолу. Наука Казахстана: аналитический обзор. Астана, 2013. – 192 бет.