ШӘДІ ЖӘНГІРҰЛЫ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ҰЛТ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Тақырып бойынша 11 материал табылды

ШӘДІ ЖӘНГІРҰЛЫ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ҰЛТ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Материал туралы қысқаша түсінік
Шәді шығармаларындағы дәстүрлі сарындар сюжеттік жүйені құрауға белсенді қатысқан, яғни композициялық тәсіл ретінде де роль атқарған. Бұл композициялық тәсілдің ақын шығармаларының көпшілік алдында оқып беруіне де қолайлы жағдай туғызғаны сөзсіз. Өйткені ғасырлар бойы ауызша айтуда әбден електен өткен сарындар жүйесі тыңдау арқылы оңай қабылданатыны белгілі. Композиция мәселесін сөз еткенде, оған өлең құрылысының да қатысы бар екенін ескеру қажет. Әдетте шығыстық сюжет пен сарындарға құрылған дастандарда Шығыс поэзиясына тән өлшемдер мен құрылымдардың мол болатын жайы бар. Бұл тіпті фольклорлық жанрларға тән шығармалардан да байқалады. «Ғашықтық дастандар арқылы қазақ поэзиясына аса мол көркемдеу, бейнелеу жаңалықтары енгені анық.
Материалдың қысқаша нұсқасы

ШӘДІ ЖӘНГІРҰЛЫ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ҰЛТ МӘСЕЛЕЛЕРІ


Кеңес дәуірінде сыңаржақ түсініктер құрбаны болып, көзден таса, қалтарыста қалып келе жатқан қазақ әдебиетінің мол рухани мұраларының бірі діни ағартушы ақындар болатын. Ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің арасына рухани көпір салған діни-ағартушы ақындар ежелгі түркі өркениеті мен ислам мәдениетінің дәстүрлерін тоғыстырып, халқымыздың ұлттық санасының, дүниетанымының кеңеюіне, тереңдеп дамуына зор ықпал жасады. Осындай ұлттық әдебиетіміздің терең тамыры саналатын діни ағартушы ақындарымыздың бірі Шәді Жәңгірұлы шығармаларындағы ислам діні мәселелері әдебиетіміздің дамуында маңызды орын алады.

Шәді шығармаларындағы дәстүрлі сарындар сюжеттік жүйені құрауға белсенді қатысқан, яғни композициялық тәсіл ретінде де роль атқарған. Бұл композициялық тәсілдің ақын шығармаларының көпшілік алдында оқып беруіне де қолайлы жағдай туғызғаны сөзсіз. Өйткені ғасырлар бойы ауызша айтуда әбден електен өткен сарындар жүйесі тыңдау арқылы оңай қабылданатыны белгілі.

Композиция мәселесін сөз еткенде, оған өлең құрылысының да қатысы бар екенін ескеру қажет. Әдетте шығыстық сюжет пен сарындарға құрылған дастандарда Шығыс поэзиясына тән өлшемдер мен құрылымдардың мол болатын жайы бар. Бұл тіпті фольклорлық жанрларға тән шығармалардан да байқалады. «Ғашықтық дастандар арқылы қазақ поэзиясына аса мол көркемдеу, бейнелеу жаңалықтары енгені анық. Шығыс поэзиясында ежелден орын теуіп келген ғазал, бәйіт, тұйық тәрізді түрлердің, алуан ұйқастардың табиғатын танып, оның қазақ өлеңіне етене туысып кеткенін сөз ету поэзия тарихының жаңа беттерін ашқанмен бірдей», – дейді бұл құбылыс жайында академик Р.Бердібай [1, 138 б.]. Бірақ Шәді дастандарының көбінің сюжеттік негізі шығыстан келгенімен, өлең құрылысында ол қазақ топырағында қалыптасқан дәстүрден ауытқи қоймайды. Олар қазақтың қара өлеңі мен жыр үлгісіне құрылған.

Аталмыш туындылардағы бас кейіпкерлер бейнесінің дайын күйде алынғанын жоғарыда айттық. Бірақ ақын оларды дайын үлгіде әрлеудің шеберлігін едәуір көрсете білген. Ал қосалқы кейіпкерлердің саны өте көп.

Мысалы, «Тарихнамада» Шыңғыс хан, Жошы, Шағатай, Үгедей, Толы, Қайыр хан, Сұлтан шаһ, Жалаладдин, Бөрте, Есуй, Боршы, Нәдір, Әбілфайыз, Марайым, Марайымға жәрдем беруші аяр молда, Абылайдың анасы, Ораз аталық, Уәлиқожа Ысқақ әулиенің шырақшысы, маңғыт Данияр, Шамырат, Жәнібек, Әйтеке, Төле, Қаз дауысты Қазыбек билер, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Алтынсадақ Әлеке, Серке, Әлібек, Шапырашты Наурызбай, Есет, Өтетілеу, Көбек, Баян, Сары, қыпшақ Шорман, Олжай, Жәтен, Бәйтелі, Қаражан ханым, Қазымәмәк қарт, Әтеке тырық, Шайылмас, Барқы, Қалдан, Шырын, Серіш, Қабыл, Құлтай, Қапыл, Халима, Әділ, Әміре, Әмірсана, Дүрәділ, Қасым, Уәли, Ақұлық қожа, Қожанияз, Шерәлі хан сияқты кейіпкерлер бар. Олардың көпшілігі оқырманға халық аузындағы аңыз-әңгімелер, тарихи деректер арқылы белгілі болса, біразы бейтаныс бейнелер. Бұлардың ішінде характер сипатында көрінетін санаулы ғана. Атап айтсақ, олар, әрине, ең алдымен Шыңғыс хан, Абылай хан, одан соң Марайым, Ораз аталық.

Сөз болып отырған дастандарда теңеулер сипаты мынадай: «Қисса Барсисада»: Мысалы аралаған шынардай ғып, Үстіне сопылардай киім киіп, Зәредей бұл дүниеге жоқ дүр хұшы, Бұтпарас кәпірлердей қылдым деді, Оны тотиядай майда қылды, Күгендей мислі қамыс от тұтасып, «Фикһ Кайданида»: Рукудай жетсе имамға, Теңгедей нәрсе тұрғаны, «Назым Сияр Шәрифте»: Араның дауысындай еді-ләр бұл, Рейіске аждаһадай тартар еді, Жаннатта құс сияқты ұшып жүрді, Мысалы қойға шапқан аш бөрідей, Мысалы толқығандай дария тасқын, Мысалы шам жаққандай шұғылаланып, Дарияның суларындай жари болып, Тамшыдай менің ешбір үлесім жоқ, Бойындай бір адамның еді бәрі, Тамшыдай көңілімізге зиян келмес, Пендеге бір зәрредей жоқ-дүр пайда, Біреуі құс сипатты, бірі арыстан, Зәрредей ауыртпалық көрмеген соң, «Ахуал қияметте»: мастардай, толған айдай, бір теңгенің мысалындай, темірдей, таудың мысалындай, т.б.

Ақын теңеулерінің ішінде «зәрредей» дегені көп кездеседі. Сондай-ақ көп теңеудің алдына «мысалы» деген сөзді қосу да өзіндік ерекшелік болып табылады. Бұл шығармалардағы теңеулер көлемі бұдан әріге бара бермейді. Ал эпитет, метафора саны тым аз.

Шәді дастандарының көркемдігі оның танымдық, ғибраттық қызметінен кейінгі орында тұрады. Сондықтан бұлардан ақын қаламының қуаты айқын көріне бермейді. Шәдінің шеберлігі оның өлеңдерінен жақсы байқалады. Ал оның лирикалық және шағын өлеңдері санаулы ғана. Олар ақынның қазақ поэзиясындағы өзіндік орнын айқындауға біршама септігін тигізері анық. Шәді өлеңдері жайында сөз еткен зерттеушілер аз. Шәдінің бізге жеткен аз ғана өлеңдерінен оның ақындық өнері туралы баға беруге болатын көркемдік құралдарды көре аламыз.

Шәдінің қазақ тарихына арналған «Тарихнама» дастаны екі үлкен тараудан тұрады. Ақынның бұл шығармасы жеке кітап болып басылмаған, бізге автордың өз қолжазбасы күйінде жеткен. Дастанның жазылған уақыты көрсетілмеген. 1914 жылы Ташкентте басылған «Хикаят халифа Һарон-ар Рашид» деген кітабының соңында Шәді баспаға әзірлеп қойған шығармаларының тізімін берген. Сол тізімнің ішінде «Тарихнама» поэмасы да бар.

Бүгінде бұл қолжазба М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында сақтаулы. Қолжазбаны институтқа ауыз әдебиеті үлгілерін мұқият жинаушы, қарт мұғалім Минат Қалдыбаев әкеп тапсырған. Минат Қалдыбаев Шәдінің шығармаларынан өзі көшірген екі қолжазба және Шәдінің бір қолжазбасын табыстаған.

Бірінші көшірмесі – Шыңғыс хан тарихы туралы. Көшірме көлемді, отыз екі тараудан, 421 беттен, 8420 жолдан тұрады. Екінші көшірмесі – Абылай ханның тарихы туралы. Бұл жиырма екі тарауға құрылған. Үшіншісі – Шәдінің өз қолжазбасы, көлемі – 320 бет, 14360 жолдан тұрады. Осы үш қолжазбаның барлық көлемі – 31864 жол [2]. Бұған қоса Минат ақсақал қолжазбалардың мазмұн-тарауларын тізімдеп, беттеріне дейін көрсеткен. Шәді ақынның шығармаларын жинап, көзінің қарашығындай сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші Минат Қалдыбаевтың әдебиеттану ғылымына қосқан үлесін ерекше атап өткеніміз жөн.

Бұл шығарманың кітап болып басылып шықпағанына сол кезеңдегі саясат салқынының әсер ықпалы болуы да мүмкін. «Абылайға арналған тамаша аңыз-әңгімелер тұрмақ, ханмен бірге өмір сүрген, ерліктері мен даңқты істерін, жорықтары мен шайқастарын көзбен көріп, шынайы жырлаған Бұқар, Үмбетей, Тәтіқара, одан кейінгі ғасырлардағы М.Ж.Көпейұлы, Ш.Жәңгірұлы Д.Саурықұлы, К.Көшекұлы, О.Нұралыұлы, Көкбай, Мағауия Абайұлының, т.б. ақындардың жыр-дастандарын пайдалануға қатаң тиым салынды» [3, 5 б.], –деген зерттеуші Ә.Тарақовтың пікірі біздің ойымызды нақтылай түседі.

Шәді поэманың басында ежелде патшалық құрып, бұл күндері аттары аңызға айналған патшаларға, Оғыз хан, Қарахан тарихтарына тоқталады. Ру тайпалардың шыққаны, қазақтың үш жүзге бөлінгені жайлы деректерді келтіреді. Шығармадағы оқиға желісі өз кезегімен бірінен соң бірі өрбіп, хандар өмірінен көп мағлұмат береді. Шәдінің бұл шығарманы жазарда қандай дерекке сүйенгені жайлы Н.Келімбетов: «Мазмұнына, құрылысына қарағанда Шәді бұл дастанын Абулғазы Бахадурханның «Шежіре-й түрік» деген кітабының ықпалымен, соған еліктеп жазған сияқты. Сондай-ақ «Тарих-наманы» оқи отырып, Мұхаммед Юсуфтың «Тарихи Муқимханий» (XVIII ғасыр), алғашқы нұсқасын Нуриддин Ахунд Мулла Тархад Самарқанди жазған «Тарихи Рақимий», Мунис Хоразимий мен оның жиені Мухаммадриза Агахий жазған «Фирдавс-уа-иқбал» сияқты күрделі тарихи еңбектермен Ш.Жәңгіровтың жақсы таныс болғанын аңғару қиын емес» [4, 54 б.] – дейді.

Шыңғыс хан мен Абылай ханның өмірі мен ерлік істері баяндалатын «Тарихнама» дастанын жеке-дара қарастырудың мәні зор. Өйткені бұл шығарманың ақын шығармашылығы тұрғысынан қарағанда да, XX ғасыр басындағы қазақ әдебиеті тұрғысынан қарағанда да өзгешелігі мол. «Тарихнама» Шәдінің өзге туындыларының және өз дәуіріндегі шығармалардан тақырыптық және көркемдік жағынан оқшауланады.

Қорыта айтқанда, Шәді Жәңгірұлы – XIX ғасырдың аяғы мен XX басында өмір кешкен, өз дәуірінің қоғамдық өркендеулер әсерімен оянған, ислам құндылықтарымен мейірлене сусынын қандырған, шығыс классикалық әдебиетінің қыр-сырынан тәлім алып, оның сан ғасырлық дәстүрін терең меңгеріп, оны өз шығармашылығына пайдаланып, тың туындылар тудырып, қазақ әдебиетіне өзіндік жол сала білген, ағартушылық идеяны жырлаған ақын, тұлға.


ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ


  1. Р.Бердібаев. Ғасырлар толғауы. – Алматы: Жазушы, 1974. – 96 б.

  2. XX ғасыр басындағы әдебиет: хрестоматиялық оқу құралы / Құраст. Қ.Ергөбек. – Алматы: Білім, 1994. – 352 б.

  3. Ә.Тарақов Шығармалар жинағы. – Астана: Фолиант, 2005. – 3 т. – 652 б.

4.Н.Келімбетов. Қазақ әдебиеті бастаулары. Зерттеу. – Алматы: Ана тілі, 1998. – 256 б.


Жүктеу
bolisu
Бөлісу
ЖИ арқылы жасау
Файл форматы:
doc
22.04.2025
100
Жүктеу
ЖИ арқылы жасау
Бұл материалды қолданушы жариялаған. Ustaz Tilegi ақпаратты жеткізуші ғана болып табылады. Жарияланған материалдың мазмұны мен авторлық құқық толықтай автордың жауапкершілігінде. Егер материал авторлық құқықты бұзады немесе сайттан алынуы тиіс деп есептесеңіз,
шағым қалдыра аласыз
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курстар тізімі